Елорда хостелдерінде өрт қауіпсіздігіне қатысты рейд жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы хостелдерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту мақсатында Астананың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері хостел иелері және тұрғындарымен профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Тексеру барысында мамандар өрттің алдын алу шараларын түсіндіріп, төтенше жағдай туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі мен эвакуациялау ережелеріне тоқталды. Сонымен қатар хостелдерде жиі кездесетін қауіпсіздік талаптарының бұзылуына назар аударды.
— Өрттің тұтануы мен өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Полиция басқармасымен бірлесіп, түсіндіру жұмысын өткізіп, рейд ұйымдастырамыз. Сондай-ақ хостелдер мен уақытша тұру орындарында профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтың бірі — эвакуация жолдарының жанғыш материалдармен тарылтылуы. Атап айтқанда, линолеум, түрлі төсеніштер және басқа да жанғыш материалдар эвакуация жолдарына төселеді. Сонымен қатар, қысқа тұйықталуға себеп болатын ақаулы электр құралын пайдалану да жиі кездеседі. Сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішу, белгіленбеген орындарда темекі шегу сияқты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері анықталады. Адамдардың қаза болуы, өрттің тұтануы және өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында біз хостел иелерімен, кәсіпкерлік субъектілерімен және онда тұратын тұрғындармен тұрақты түрде профилактикалық-түсіндіру жұмысын жүргіземіз, — деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының инженері, аға лейтенант Ерназар Қаршыға.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесу алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат — өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу.
Бұған дейін Алматыда хостелдерді жаппай тексерістен соң мыңнан астам заң бұзу дерегі анықталған еді.