Астанада «ИКҰ - Орталық Азия» бизнес форумы өтіп жатыр

Алқалы жиынның мақсаты - экономикалық операторлар мен кәсіпкерлерге Орталық Азияда инвестиция салатын және сауда жасауға қолайлы мүмкіндіктерді табу. Бүгін аталмыш форум барысында Ислам конференциясы ұйымы хатшылығының атынан сөйлеген Сауданы дамыту жөніндегі Ислам орталығының Бас директоры Хасан Хзейннің айтуынша, форум сонымен қатар Орталық Азия аймағында өсіп-өркендеп келе жатқан бизнес өкілдерінің мүмкіндіктерін кеңейте түсуді көздейді.
«Бұған қоса біз осы жиын арқылы кәсіпкерлікті дамыту саласында халықаралық және өзге де ұйымдар тарапынан бизнес саласына көрсетілетін қолдаулар туралы жергілікті халықтарды хабардар етуді ниет етіп отырмыз. Сауданы дамыту орталығының Орталық Азия
мен ИКҰ-ға мүше өзге де мемлекеттердің нарығындағы жағдайдың сараптамалары, сауда саласында атқарып отырған істеріміз біздің әлеуетімізден әлдеқайда төмен екендігін көрсетіп отыр. Шын мәнінде сауда саласының болашағынан зор үміт күтуге болады»,-деді Бас директор.
Оның сөзінше, қолда бар мүмкіндікті пайдалану әріптестікті дамытуға тежеу болып отырған кедергілерден қалай өтумен байланысты. «Бұл мәселелер көбіне тарифтер мен қаржыландыру, көлік және логистика сияқты салалардың мүмкіндіктеріне байланысты екендігі де түсінікті. Мысалы Орталық Азияның көптеген елдерінде теңізге шығатын жол жоқ. Осы ретте бүгінгі форум барысында осы мәселелердің шешу жолдарын қарастырған өте тиімді»,-деді Хасан Хзейн.
Жиын барысында оған қатысушылар Орталық Азия елдерінің сауда-саттық пен оған қатысты туындап отырған мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасуда.