Астанада қар күреу жұмыстарына мыңдаған жұмысшы мен техника жұмылдырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада алғашқы қар жауғаннан бастап қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 2 327 ауыр жүк көлігінің қатысуымен шамамен 36 735 текше метр қар шығарылды.
16 қаңтар күні таңертеңнен бастап қар тазалау жұмыстарына 2 983 жол жұмысшысы мен 1 517 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс маусымы басталғалы бері жалпы көлемі 2 651 830 текше метрден астам қар 197 847 рейспен тасымалданды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазаланып жатыр. Кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар аула ішіндегі тазалық пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің жауапкершілігінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауға міндетті.
Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда абай болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде ұзақ сапарға шықпауға кеңес береді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы тұрғындарына көктайғақ пен тұманға байланысты ескерту жасалғанын хабарлағанбыз.