Алматы тұрғындарына көктайғақ пен тұманға байланысты ескерту жасалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» ұсынған дауылды ескертуге байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады.
Болжам бойынша, 16-17 қаңтар күндері Алматыда тұман түсіп, көктайғақ болады. Таулы аймақтарда да тұман және ауа температурасы күрт төмендейді.
Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды және уақытша тауға шықпауды ескертті.
Сондай-ақ алдағы суық күндерге байланысты тұрғындарға бірқатар сақтық шарасын ұстану ескертілді.
Атап айтқанда:
• түтін құбырларының герметикалық жағдайда болуын қадағалап, жану өнімдерінен бөлінетін көмірқышқыл газының таралуына жол бермеу;
• электр желілерін және электр құрылғыларына шамадан тыс жүктеме салмау қажет.
Еске салайық, бұған дейін қар жауып, ауа температурасының төмендеуіне байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылғанын жазғанбыз.