Астанада кардиолог дәрігерлер еуропалық мамандармен тәжiрибе алмасуда

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада кардиолог дәрігерлерге арналған «Дәлелді медицина дәуіріндегі жүрек-тамыр ауруларына диагноз қою және емдеу» атты екi күндік білім беру курстары жұмысын бастады.

Астанада кардиолог дәрігерлер еуропалық мамандармен тәжiрибе алмасуда

Оқу курстарына Қазақстанның барлық аймақтарынан жиналған 122 адам қатысуда. Шараны Берлин-Хеми Менарини компаниясының білімге мақсатталған шаралары қолдауымен Еуропалық кардиологтар қоғамы мен Қазақстан кардиологтар қауымдастығы ұйымдастыруда.

Еуропалық кардиологтар қоғамы - Еуропа мен ортатеңіз бассейні елдеріндегі кардиология саласындағы 75 000-нан астам маманды біріктіретін ірі медициналық кәсіби қоғамдастық болып табылады. Оның мүшелігінде 56 ел бар. «Ұйымның басты міндеті - дәлелді медицина қағидаларын кеңінен қолдану мақсатында жоғары талаптарға негізделген ұсыныстарды жасау мен енгізу. Сонымен қатар, ЕКҚ мүшелері жолықтыратын денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Қоғамның мақсаты жүрек-қан тамыр ауруларын азайтып, ЕКҚ мүше елдер ішінде заманауи ем алу құқын тең ету», - дейдi ұйым президенті, профессор Панос Вардас (Panos Vardas).

Екі күн ішінде Қазақстанның жетекші мамандары мен Еуропалық кардиологтар қоғамы өкілдері еліміздегі жүрек-қан тамыр аурулары салдары мен күретамыр гипертониясын емдеу мен диагноз қою мәселелерін талқылайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда жүрек-тамыр аурулары деңгейі айтарлықтай жоғары. Оқу курстары барысында Қазақстанның кардиологтар қауымдастығы Еуропалық кардиологтар қоғамымен бірлесе осы аурулар деңгейін азайту мақсатында дөңгелек үстел басына жиналады.

Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Еуропалық Кардиологтар қоғамының президенті, профессор Панос Вардас жүрек-тамыр аурулары мен күре тамыр гипертониясының салдары қаншалықты қауіпті екендігі туралы баяндайды. Профессор Вардас мырзаның келген мақсаты - жүрек-тамыр ауруларын емдеу мен алдын алу шаралары жөнінде тәжірибесімен бөлісу.

Еуропалық кардиологтар қоғамы курс нәтижесінде ұсыныстарын жасайды. Ал қазақстандық кардиолог мамандар алған білімін өз тәжірибелерінде кеңінен қолданып, біліктіліктерін арттыра түсуге мүмкіндік алады.