Астанада «Қазақфильм» АҚ түсірген деректі фильмдердің апталығы өтеді

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Ертең, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Замандас келбеті» атты деректі фильмдер апталығы басталады.
None
None

Апта бойы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №5 «Студенттер үйі» кинотеатрында фильмдер кейіпкерлерінің қатысуымен «Руханият сардары» (Сұлтан Оразалин), «Шерхан Мұртаза», «Академик Ормантаев» (Камал Ормантаев), «Парасат әуендері» (Төлен Әбдік), «Шәмші» (Шәмші Қалдаяқов) сынды 5 деректі туынды көрермен назарына ұсынылмақ.

Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, депутаттар, БАҚ басшылары, Астананың зиялы қауымы қатысады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылдың наурыз айында ЕҰУ-де «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев бастаған шығармашылық ұжымның қатысуымен елімізде тұңғыш рет жастарға арналған студенттік кинотеатр ашылған болатын. Сол кезде кинозал шымылдығы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шынайы өмір жолын баяндайтын шығармалар желісі негізінде түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмімен түрілген еді. Отандық және шетелдік фильмдерді тамашалауға мол мүмкіндік жасалған студенттік кинотеатр бір жыл ішінде отандық кинотуындыларды дәріптейтін диалог алаңына айналып үлгерді.

Айта кетерлігі, студенттер жатақханасындағы алғашқы кинотеатрдың ашылу рәсімінде «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев пен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов екі жақты ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойған болатын. «Замандас келбеті» атты деректі фильмдер апталығы осы келісім негізінде жүзеге асып отыр.

Соңғы жаңалықтар