Астанада «Қазақстан - Халықаралық білім - 2013» атты білім көрмесі өз жұмысын бастады
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақстан - Халықаралық білім - 2013» жыл сайынғы халықаралық білім көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл туралы astana.kz сайтына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Көрмеге шетелдік университеттерден 70-тен аса өкілі мен оннан астам қазақстандық жоғары оқу орны шақырылған.
Көрмеге қатысушылардың атап өтуінше, отандық экономиканың жедел даму қарқыны мамандардың біліктілігіне жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік және шет тілдерін білудің де маңызы зор.
Көрмеге келушілер шетелдегі білім туралы ақпаратты алып қана қоймай, шетелде оқу стипендиясын жеңіп алу сәтіне де қатыса алады. Мысалы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері шетелде магистратура және тағылымдамалар бағдарламасы үшін стипендиаттарды іріктеу критерилері мен стипендия тағайындау рәсімдері туралы, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының ағымдағы жұмысы мен болашаққа жоспарымен таныстырып шығады.
Аталған іс-шараның мақсаты - елімізде және одан тыс жерлерде жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндіктері туралы толық және объективті ақпарат ұсыну болып табылады.
Іс-шараға бакалавр, магистратура, аспирантура, докторантура және тіл курстары бағдарламалары бойынша Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Канада, Ирландия, Франция, Малайзия, Түркия және басқа да әлемнің жетекші институттары, колледждері, академиялары мен университеттері қатысады деп жоспарлануда.
Сарапшылардың пікірінше, бұл көрме - бүгінгі таңда шетелде оқу үшін студенттерді тарту бойынша еліміздегі ең ірі іс-шара.