Астанада Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 17 қазанында Астанада екі елдің ресми тұлғалары мен іскер топ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Шараның басты мақсаты - Қазақстан мен Мажарстанның іскер топ өкілдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандыру, сондай-ақ, ҚР 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын, инвесторлар үшін ынталандыру пакетін, B2B саласындағы кездесулерді және экономиканың басым секторларын венгр тарапына таныстыру болып табылады.
Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумының ұйымдастырушылары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ болып табылады.
Шараға венгр компанияларының дәрі-дәрмек өндіру, медициналық жабдықтар, ауыл шаруашылығы, машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі, логистика, АКТ және тағы да басқа салалардағы өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Айта кету керек, 2005 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі аралықта Қазақстан экономикасына түскен венгриялық тікелей инвестициялардың көлемі 102,2 млн долларды құраған.