Астанада Қазақстан ортопедтерінің және травматологтарының бірінші съезі өзінің жұмысын бастады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алқалы жиынға қазақстандық мамандардан бөлек таяу және алыс шетелдерден, атап айтқанда Ресей, Украина, Беларус, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Германия, Австрия, Польша, Пәкістаннан - барлығы 25 елден жүзден астам сынықшылар қатысуда. Съезде ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бүгінгі форумның Қазақстанның денсаулық сақтау саласын, оның ішінде травмотология және ортопедияны дамыту үшін маңызы зор екенін баса айтты. «Себебі, деп атап көрсетті министр, - съезд өтетін үш күннің ішінде болатын қызу пікірталастар травматологияның дамуына тың серпін береді. Съезде қабылданатын қарар біздің азаматтарымыздың денсаулықтарын жақсарту үшін өмірге етене енгізілетін болады».
Ж. Досқалиевтің айтуынша, Қазақстанда зақымданудан және жазатайым оқиғаның кесірінен болатын өлім-жітім, жүрек-қан тамырлары ауруынан кейін екінші орында тұр. «Салыстыру үшін мынаны айтқым келеді: Еуроодақ елдерінде бұл цифр 100 мың адамға шаққанда 39,9 адамнан келсе, Қазақстанда өкінішке қарай үш есе көп, 100 мың адамға шаққанда 130 адамнан. Бұл Қазақстанда түрлі зақымданудан болатын өлім-жітім проблемасы өткір екендігін білдіреді», деді министр. Ж. Досқалиев Қазақстанда жол-көлік апаттарының кесірінен болатын зақымданудан адамдар көп көз жұматындығын атап көрсетті. «Мен съезд өтетін үш күннің ішінде біздер түрлі жағдайларда зақымданған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қандай да бір амал ойлап табамыз деп ойлаймын», деді министр.