Астанада Қазақстан және БАӘ Жоғары соттары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Кездесу Қ. Мәмидің биыл наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары кезінде айтылған шақыруына орай ұйымдастырылды.
Әңгіме барысында Қ. Мәми Қазақстан жуырда Конституцияның қабылданғанына 20 жыл толуына орай мерейтой өтетініне тоқтала келе, 28 тамызда өтетін «Конституция: халық бірлігі, тұрақтылық, өркендеу» атты халықаралық практикалық конференцияның жұмысына қатысатыны үшін шетелдік қонаққа алғыс айтты.
«Биыл біз елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 23 жыл толуын атап өтеміз. Осы жылдар аралығында біздің тарапымыздан өзара іс-қимылдың кең ауқымды спекторы бойынша екіжақты байланыстарды серпінді нығайтудың пайдасына орнықты саяси пәтуаластыққа қол жеткізілді», - деді Қ. Мәми.
Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспары шеңберінде сот жүйесін реформалау барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, үш сатылы сот жүйесіне көшу, Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық істер бойынша мамандандырылған алқаны ұйымдастыру, Халықаралық консультативтік кеңес құру және тергеу судьясының өкілеттігін кеңейту туралы айтып берді.
Кездесу кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының заңнамалық қызметі мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Шетелдік тарапқа жаңа Азаматтық және Әкімшілік процессуалдық кодекстердің қабылдануы жөніндегі жұмыстар кеңінен таныстырылды.
Қ. Мәми Абдул Уахаб Абдул мырза авторы болып табылатын «Ежелгі Әмірліктердің сот төрелігі тарихы» атты кітабын ерекше қызығушылықпен оқып шыққанын, оның ғылыми және практикалық тұрғыдан құнды еңбек екенін атап өтті.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Біріккен Араб Әмірліктері Федеральдік Жоғарғы Соты арасындағы бауырластық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжат екі елдің сот жүйелері арасындағы сындарлы диалогты одан әрі дамытуға зор ықпалын тигізетін болады.