Астанада қазақстан-жапон сыртқы саясат ведомстволары арасында консультация өтті
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат – Астанада өткен сенбіде Қазақстан Республикасы мен Жапония сыртқы саясат ведомстволары арасында саяси консультациялардың кезекті раунды өтті.
Консультацияларда қазақстандық тарапты Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев, жапондық тарапты ? Жапония Сыртқы істер министрлігінің Еуропалық істер бойынша бюросы бас директорының орынбасары Нобукацу Канехара басқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Келіссөздер барысында тараптар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы маусымның 18-22-сі күндері Жапонияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға байланысты мәселелерді талқылады. Қазақстан мен Жапония арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту, екіжақты сауда-инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ БҰҰ, АӨІСШК, «Орталық Азия+Жапония» сияқты халықаралық ұйымдар ауқымындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды. Ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-жапон комитетінің мәртебесін оның құрамына екі елдің мемлекеттік органдары өкілдерін енгізу арқылы арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.