Астанада көлік кептелісін азайту үшін бірқатар ұйымның жұмыс кестесі өзгертіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 15 қыркүйектен бастап коммуналдық кәсіпорындар мен мемлекеттік компанияларда жұмыс күнінің басталу уақыты өзгереді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шара жол қозғалысы жүктемесін азайтуға және көлік ағындарын оңтайландыруға бағытталған.
— Өзгерістер негізінен қаланың орталық аудандарында орналасқан мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға қатысты болады. Ал әлеуметтік нысандардың — мектептердің, медициналық мекемелердің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады. Аталған шаралар таңғы уақытта көлік ағынын теңдей бөлуге және қаладағы ең көп көлік жүретін магистральдардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, көлік құралдарын тыйым салынған жерлерде тоқтату мен тұрақ ережелерін бұзу деректеріне қатысты көше-жол желісін әкімшілендіру жұмысы күшейтіледі. Ережені өрескел бұзғандардың көліктері айыппұл тұрағына эвакуацияланады, — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ жаңа жылдамдық дәліздері мен қоғамдық көлік бағыттарын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұндай тәжірибе өзге мегаполистерде де сәтті қолданылып, оң нәтиже көрсетіп келеді. Алдын ала есептеулер бойынша, енгізілетін шаралар кешені таңертеңгі және кешкі уақытта қала көшелеріндегі жүктемені 15-20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бұл шара экологиялық жағдайға да оң әсер етіп, қалалық мобильділіктің жалпы сапасын арттыра алады.
Қазіргі уақытта Астананың әртүрлі аудандарындағы көлік ағындарына кешенді талдау жүргізіліп жатыр. Жұмыс күнінің басталу уақытын өзгертумен қатар, басқа да шаралар қарастырылып жатыр — мысалы, кейбір ұйымдар үшін түскі үзіліс немесе ауысым аяқталу уақытын өзгерту мүмкіндігі.
Бұдан бұрын Астанада жаңа саябағы мен демалыс аймағы бар қоғамдық кеңістік салынып жатқаны анықталды.