Астанада көне дәстүр — Қымызмұрындық тойланды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордалық зейнеткерлер қымызмұрындық мерекесін атап өтті. Арбат алаңында ұйымдастырылған «QYMYZ FEST — Қымызмұрындық 2026» этнофестиваліне 100-ден астам адам қатысты.
Қымызмұрындық — қазақ халқының көне салт-дәстүрлерінің бірі.
Көктем шығып, бие байланып, алғашқы қымыз ашытылған кезде ауыл тұрғындары бас қосып, ақтан дәм татқан.
Осы бір ата-дәстүрді жаңғырту — шараның басты мақсаты.
— Бүгін аға буын өкілдерінің басын қосып, рухани серпіліс сыйладық. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы әрдайым ардагерлеріміздің белсенді, мәнді де, салауатты өмір сүруіне жағдай жасап, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға ерекше көңіл бөледі, — деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.
Мерекеде қала тұрғындары Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әжелері әзірлеген қолөнер көрмесін тамашалады.
Сонымен қатар асық ату, ләңгі тебу, жілік сындыру секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Қымыз сауу рәсімі көрсетіліп, театрландырылған қойылым арқылы қазақтың байырғы дәстүрлері де дәріптелді.
— Біз осы дәстүрді жаңғырту арқылы жастар мен бүгінгі шара қонақтарының мерекенің мәні мен маңызын терең түсініп, оны өзгелерге насихаттауын қалаймыз. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді келер ұрпаққа аманат етіп, сабақтастығын сақтау — басты міндетіміз, — деді Сарыарқа аудандық әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев.
Жиында елді мекендерден келген кәсіпкерлер тұрғындарға балғын қымыз ұсынды.
Солардың бірі — Нұржамал Бақытова. Ол 18 жылдан астам уақыт бойы бие байлап, қымыз ашытып, сауда орындарына жеткізумен айналысып келеді.
— Бүгінгі Қымызмұрындық мерекесі құтты болсын! Қымыз ішу мәдениетін дамыту мақсатында қазіргі таңда екі жүзден астам бие байлап, қымыз өндіреміз. Осы уақыт ішінде екі мәрте EXPO көрмесіне қатыстық: алғашқасы — Астана қаласында, екіншісі — Дубай қаласында өтті. Бұл көрмелерде қазақтың қымызы мен ұлттық мәдениеті әлемге таныстырылды. Қазір Қымызмұрындық мерекесі аясында халыққа жүз литрден астам қымыз ұсынуды жоспарлап отырмыз, — деді ол.
Айта кетейік, жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша қымыз өндірісі 11,8% өскен.