Астанада «Көптүсті Қытай» концерті өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 мамырда Астана қаласында «Көптүсті Қытай. Қытайдың ұлттық және шығармашылық қойылымдары» атты концерт өтеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Аталған шара Астана әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының елшілігі бірлесе, екіжақты мәдени қарым-қатынастарды нығайту мақсатында ұйымдастырып отыр. Шараға бүкіл мемлекеттің нышанын айқындайтын Қытайдың Орталық ұлттық ән-би ансамблі қатысады. Бұл ұжымның «Яо ұлттық би музыкасы», «Батыс тауының балладасы», «Елу бес ұлт - елу бес түс» әндері, сонымен қатар, «Түздегі Жэба», «Торғай рухы», «Сүйкімді раушан гүлі» билері секілді шығармалары барша әлемде үлкен сұранысқа ие. «Көптүсті Қытай» концертінің аясында Астанада моңғол, корей, ұйғыр, тибет мәдениеттерінің өкілдері де өз өнерлерін ортаға салады. Мұндай шаралар екі елдің арасындағы бірлікті нығайтып, мәдени-рухани байланысты дамытады. Концерт Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:00.