Астанада курьер мобильді қосымшаның қолданушыларын алдап кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тауарды жеткізу бойынша жалған курьер мобильді қосымшаның пайдаланушыларын алдап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
None

Қаланың екі тұрғыны азық-түлікті жеткізуші курьердің алдап, ақшаларын жымқырып кеткені туралы полицияға арызданған. Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында азаматтарды алдаған Шығыс Қазақстан облысының 22-жастағы тұрғынын анықтады. Ол бөтен адамның деректерін пайдаланып, мобильді қосымшаға курьер ретінде тіркеліп, жеткізу қызметін желеу етіп, сенгіш азаматтардың ақшасын иемденген.

Клиенттердің өтінішін қабылдағаннан кейін жігіт ұялы телефон теңгеріміне ақша салу ретінде алдын-ала төлемді талап еткен. Ол бір жағдайда 21 мың теңге көлеміндегі ақшаны иемденсе, екіншісінде 8 мың теңгеден астам қаржыны иемденген.

Уәде етілген өнімдерді алмаған тұтынушылар күдіктінің ұялы телефонына қоңырау шала алмаған.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оның бұрын елордада жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.

Елордада ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бір тәулік ішінде елордада 15 дерек тіркеліп, 5 қылмыс ашылды. Сонымен қатар бұрын жасалған 15 қылмыс әшкереленіп, 8 күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды, күмәнді операциялардан бас тартуды және бейтаныс адамдарға ақша аудармауды ескертеді.


Соңғы жаңалықтар