Астанада құрылыс алаңынан 1,2 млн теңгенің кабелін қолды қылған күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана полициясының қызметкерлері құрылыс нысанынан ірі көлемде мүлік ұрлаған күдіктіні анықтады.
Анықталғандай, 34 жастағы ер адам таңғы уақытта Қалдаяқов көшесінде орналасқан құрылыс алаңына келіп, еркін қолжетімділікті пайдалану арқылы бетонды жылытуға арналған кабельді жасырын жымқырған.
Ұрланған мүліктің жалпы құны — 1 миллион 200 мың теңге.
— Құрылыс нысанының жауапты тұлғасы келтірілген шығын бойынша полицияға арызданған. Оқиғаға байланысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полиция қызметкерлері құрылыс алаңындағы және оған жақын аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Кейін ол ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді, — делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция құрылыс нысандарының иелеріне бағалы құрылыс материалдарын күзетілетін жерде сақтауды, аумақты бейнебақылау жүйелерімен және жарықтандыру құралдарымен жабдықтауды ұсынды. Сонымен қатар полиция азаматтарға бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ер адам бұрын өзі күзеткен нысаннан 21 млн теңгенің кабелін ұрлап кеткенін хабарлаған едік.