Астанада құрылыс компаниясы қызметкерлері 7,9 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ақша қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 

құрылыс жұмыстары
Фото: Алматы әкімдігі

Сату кеңсесінде құрылыс компаниясы атынан сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар екенін «дәлелдейтін» макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық үй-жайларды және паркинг орындарын нарықтық бағадан төмен сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толық заңды екені айтылған.

Алайда сатып алу-сату шарттарын жасау орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді.

— Жәбірленушілер төлемді қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде схеманың қатысушыларының жеке шоттарына аударған. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты жымқырылған, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, күдіктілер құрылыс компаниясының қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схеманы жүзеге асырған.

Құрылыс компанияның атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, объектілерге меншік құқықтарын тіркеген, алайда сатудан түскен қаражат компанияның кассасына түспеген.

— 76 жылжымайтын мүлік объектісінің сатылуынан 4,1 млрд теңге жымқырылған. Осылайша азаматтарға және компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңге. Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды, — делінген ҚМА хабарламасында.

Үш күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. 

Айта кетелік ІІМ прекурсорлардың заңды айналымын бақылауды күшейткен еді