Астанада маса мен шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары сәуірдің екінші жартысында басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада маса мен шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстар сәуір айының екінші жартысынан басталады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, биыл дезинсекциялық жұмыс алты кезеңге бөлініп жүргізіледі. Қазіргі уақытта қала аумағында энтомологиялық мониторинг басталып кеткен. Оның аясында су қоймалары жәндіктердің дернәсілдерінің болуына тексерілуде.
Ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаев дайындық жұмыстары алдын ала басталғанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта Астананың барлық аумағында энтомологиялық зерттеулер жүргізілуде. Біз су қоймаларын маса дернәсілдерінің болуына қатысты тексереміз. Жалпы, өңдеу жұмысы сәуірдің екінші жартысынан басталады. Күніне шамамен 110–120 дезинсектор жұмылдырылатын болады», – деді ол.
Алты кезеңнің әрқайсысы бірнеше сатыдан тұрады: алдымен су қоймалары өңделеді, кейін қаланың ашық аумақтары қамтылады. Жұмыс орталықтан басталып, қала шетіне қарай жүргізіледі.
Астаналық дезинфекция ЖШС-нің атқарушы директоры Алтынбек Мертасов негізгі дайындық толық аяқталғанын жеткізді.
«2 сәуірден бастап біз шағын су қоймалары мен батпақты жерлерге энтомологиялық мониторинг жүргізуді бастадық. Ғылыми топ тексеруге шықты. Қазір дайындық шаралары аяқталуда: техника, жабдықтар және персонал толық дайын. Су қоймаларынан екінші–үшінші кезеңдегі дернәсілдер табылғаннан кейін өңдеуге кірісеміз. Кейін ашық аумақтарға – саябақтарға, гүлзарларға, тұрғын үй алаптары мен жолдарға өтеміз», – деді ол.
Іс-шара барысында қолданылатын техникалар қатарында моторлы арқалық бүріккіштер, ыстық тұман генераторлары, дезинсекциялық машиналар, қайықпен өңдеуге арналған жабдықтар және агродрондар бар.
Мамандардың айтуынша, өңдеу кезінде адамдар мен жануарларға қауіпсіз, жұмсақ препараттар пайдаланылады. Ал су қоймалары үшін экожүйеге зиян келтірмейтін биологиялық құралдар қолданылады.
Айта кетейік, Алматыда кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары басталды.