Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті

Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы және мемлекеттік басқару бойынша БҰҰ Желілерінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері, Әзербайжан, Ауғанстан, Грузия және Қырғызстанның мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша құзырлы органдардың жетекшілері, Қазақстандағы Еуропалық одақтың, Оңтүстік Кореяның, АҚШ-тың, Түркияның дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.
Отырысқа қатысушылар Аймақтық хабтың қызметін қамтамасыз ету жолында 2013 жылға арналған жоспарларды талқылады. Оның ішінде аймақтағы мемлекеттер үшін зерттеулерді жүргізу, мемлекеттік қызмет саласында журналды шығару және мемлекеттік қызмет саласында веб-порталды құру мәселелері бар.
Сонымен қатар жиын барысында Аймақтық хаб қызметінің негізгі бағыттарына сәйкес 3 жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданып, оның әрқайсысы бойынша Басқару комитетінің мүшелері бекітілді.