Астанада «Мен көрген әлем, менің шабытты өмірім» І Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Мен көрген әлем, менің шабытты өмірім» атты І Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Астанада «Мен көрген әлем, менің шабытты өмірім» І Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Көркемсурет байқауына республиканың балалар үйлері мен интернат мекемелерінің тәрбиеленушілері қатыстырылған болатын. Байқау сәуір айында жарияланысымен елдің түкпір-түкпірінен балалардың жұмыстары көптеп түсе бастады. Қазылар қарауына барлығы 224 материал келді. Бүгін оның 16 жеңімпазы ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен сертификаттарға, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен шара барысында байқауға қатысушылардың көркемсуреттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Өз жұмыстары арқылы балғындар Астананы, Қазақстанды суреттеуге, өздерінің шығармашыл көзқарастарымен әлемді, өмірді көрсетуге тырысқан.

Шараға «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман  Мұсақожаева және көркемөнер саласындағы басқа да белгілі адамдар қатысты.

«Болашақ» қауымдастығы балалар үйілерімен тығыз қарым-қатынас жасауда. Әсіресе балғындардың қабілеттерін дамыту бағытында түрлі шаралар ұйымдастыруға ден қойып келеміз», - дейді Б. Байбек.

Оның айтуынша, жас таланттар үшін Астанада үш күн бойы есте қаларлықтай түрлі іс-шаралар өткізелмек. Оның ішінде балаларға бейнелеу өнерінен шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, олар қаладағы мәдени орындарды аралайтын болады.