Астанада өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 10 000-ға жуық дерегі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында кешенді профилактикалық және бақылау шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл туралы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев мәлім етті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Астанада өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 10 000-ға жуық дерегі анықталды
Фото: ТЖМ

Спикердің айтуынша, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, өрт оқиғалары жиі болып тұрады. Тілсіз жаудың басым бөлігі жеке тұрғын үй секторларында болады.

— Өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында болғандықтан, жылу беру маусымы кезеңінде қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі ерекше назарда. Статистикаға сәйкес, өрттердің туындауы мен азаматтардың қаза болуына әкелетін негізгі себебі — жылыту жүйелерінің жарамсыз күйде болуы. Көбіне бұл әлеуметтік осал санаттағы тұрғындардың үйлерінде қолданылатын пештік жылытуға қатысты. Атап айтқанда, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жалғызілікті қарттар және әлеуметтік жауапкершілігі төмен тұлғалар тұратын үйлерде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар, тұрмыстық газды дұрыс пайдаланбау да ерекше қауіп төндіреді. Кейбір тұрғындар заң талаптарын бұза отырып, газ баллондарын автожанармай құю станцияларында толтырады. Олардың басым бөлігі утилизациялауға жатады және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді, соның салдарынан жарылыс пен өрт шығу қаупі туындайды, — дейді Ғабит Бабаев елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында. Қазір 1 738 отбасы есепте тұр, олардың барлығына әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп атаулы көмек көрсетіліп келеді.

Профилактикалық жұмыс аясында өрт туралы хабарлайтын датчиктер орнатылып, мұржалар тазартылып, қажет болған жағдайда жылыту жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олар көмірқышқыл газынан улану қаупі туралы ерте кезеңде ескертеді. Жылыту маусымы басталғалы бері 436 улы газ анықтайтын датчик орнатылған. Олардың іске қосылуының нәтижесінде екі жағдайда қайғылы оқиғаның алдын алып, 7 адамның өмірі сақталды.

Астанада өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 10 000-ға жуық дерегі анықталды
Фото: ТЖМ

Жылыту кезеңінде өрттердің алдын алу және азаматтардың қаза табуы мен жарақат алуына жол бермеу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті халықпен ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінге дейін жергілікті атқарушы орган, полиция қызметкерлері және еріктілердің қатысуымен 115 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында 24 000-нан астам жеке тұрғын үй тексеріліп, шамамен 35 000 азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Аралау кезінде 10 000-ға өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталып, тиісті ұсыныстар уәкілетті органдарға жолданған. 

Сонымен қатар жеке тұрғын үй секторы Департаменттің мемлекеттік бақылау объектілеріне жатпайды, сондықтан қызметкерлер тек кеңес беру және ұсынымдар беру аясында жұмыс жүргізеді. Кейбір жағдайларда тұрғындар мамандарды үйлеріне кіргізуден және кеңес алудан бас тартады. Соған қарамастан, халықты ақпараттандыру SMS-хабарламалар, үй чаттары және мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) арқылы жүргізіліп жатыр. 

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды, әсіресе жылыту кезеңінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мұржаларды күйеден үнемі тазалап, пештер мен электр құралдарын қараусыз қалдырмау, тек жарамды жылыту жабдықтарын пайдалану қажет. Бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қосуға болмайтынын ескертті. Өрт туындаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау керек. Тұрғын үйді қысқы кезеңге дайындауға мұқият назар аударып, балаларды қараусыз қалдырмау маңызды. Жылыту маусымы Департаменттің тұрақты бақылауында, барлық бөлімше жедел әрекет етуге дайын.

Бұдан бұрын СҚО-да 70 жыл бұрын салынып, намазхана ретінде қолданылған ғимарат өртенгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар