19:08, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада «Тасқала-Озинки» көлік-логистикалық орталығын құру туралы шешім қабылданды
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймағында «Тасқала-Озинки» көлік-логистикалық орталығын құру туралы шешім қабылданды.
Бұл туралы Ресей Федерациясы Мемлекеттің Думасы Федералдық Жиналысының депутаты Кира Лукьянова бастаған делегациямен кездесуден кейінгі брифингте ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Аталмыш жоба осыдан бес жыл бұрын қолға алынған болатын. Ол кезде Қазақстан тарапынан да, Ресей тарапынан да шекара маңында халықаралық орталықтар құру жоспарланды. Алайда, обьективті себептерге байланысты ол жүзеге аспады. Сондықтан енді «Тасқала-Озинки» көлік-логистикалық орталығын құру туралы шешім қабылданды», деді брифингте Е. Мамытбеков.Оның айтуынша, бүгінгі кездесу барысында «Саратов облысы сауда-логистикалық орталығы» мен Қазақстанның «Батыс», «Каспий», «Жетісу» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациялары, сондай-ақ «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығы арасында аталмыш жобаны жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған. Сонымен қатар, Саратов облысының үкіметі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалған. «Біз бұл құжаттар жобаны жүзеге асыруға тың серпін береді деп үміттенеміз. Бұл мемлекет пен жеке сектор бірлесіп жүзеге асыратын жоба болады. Оны жүзеге асыру үшін жеке инвесторлар тартылады», деді Е. Мамытбеков. Вице-министр жобаны барынша қысқа мерзімде жүзеге асыруға тырысатындарын атап көрсетті. Айта кетейік, «Тасқала-Озинки» көлік-логистикалық орталығын құру қажеттігі 2008 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының бесінші форумында айтылған болатын. ҚР Индустрия және сауда министрлігінің мәліметінше, «Тасқала-Озинки» көлік-логистикалық орталығы Батыс Қазақстан облысындағы «Тасқала» мемлекеттік шекарасының және Саратов облысындағы «Озинки» мемлекеттік шекарасының шекаралық өткелінде құрылатын болады.
«Ол Қазақстанның, Ресейдің және ТМД елдерінің сауда-көлік тораптарының құрлықтық порт-реттеушісі қызметін атқарады. Министрліктің болжамынша, көрсетілген бағдардың құрылуы Жапонияның, Оңтүстік Кореяның және Қытайдың айлақтарынан Еуропаға ағылатын жүктерді он есеге арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты «Тасқала» стансысы жүктерді автокөлікпен 3 мың шақырымға жеткізу кезінде географиялық жағынан оларды сақтайтын тиімді жер болып табылады. Орталық Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында жаңа экономикалық ортаны дамытуға, екі жақты сауда-саттықты арттыруға жаңа жұмыс орындарын құруға ықпалын тигізетін болады», делінген Индустрия және сауда министрлігі таратқан баспасөз баянында.