Астанада топтасқан жастар бір жасөспірімді соққыға жыққан

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Конституция көшесінде «Ильяс» дүкенінің маңында жас жігіт аяусыз соққыға жығылған. Зардап шегушінің туыстарының айтуынша, оқиғаға шамамен 40 адамның қатысы бар болуы мүмкін.

школа
Фото: freepik.com

Салдарынан жасөспірімнің мұрны сынған, сондай-ақ бір тісі түсіп қалған.

Полиция департаментінің мәліметі бойынша, аталған факті бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар тұлғалар анықталып, Сарыарқа ауданы полиция басқармасына жеткізілген.

— Жанжал тұрғын үй ауласында жастар арасында туындаған. Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған азамат жарақат алған. Оған медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлік тексеруден кейін үйіне жіберілген, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Алматыда жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім мерт болды.