Астанада «Травматология және ортопедияның жетістіктері мен перспективалары» атты халықаралық конференция жұмысын бастады
ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ортопед-травматологтардың «Травматология және ортопедияның жетістіктері мен перспективалары» халықаралық конференциясы жұмысын бастады, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Конференцияға таяу және алыс шетелдер - Ресей, Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Германия, Австрия, Қытай, Түркия, Польшадан келген 100-ден астам шетелдік маман қатысуда.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова өз сөзінде Тәуелсіздік жылдары еліміз Мемлекет басшысының саясаты арқасында серпінді дамуға қол жеткізіп, қазақстандықтардың өмір сапасына оң әсер еткенін атап көрсетті. Елімізде денсаулық сақтау саласы жоспарлы негізде дамып келеді. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық әл-ауқатының артуымен тікелей байланысты.
Науқастарға емхананы таңдау мүмкіндігі беріліп, медициналық қызметкерлер жұмыс нәтижесіне қарай ынталандырылатын болды. Дәрігерлер үшін білімдерін тұрақты түрде арттырып, біліктіліктерін көтеру мүмкіндігі пайда болды. Бүгінгі таңда олардың ішіндегі үздіктері медицина ғылымы мен тәжірибесінің соңғы жетістіктерін өз қызметтерінде пайдалануда.
Осыдан 10 жыл бұрын Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ашылуы бүкіл республиканың ортопед-травматолог ғалымдарының қызметін үйлестіріп, жоғары технологиялар мен әлемдік жетістіктерді енгізуді жеделдетуге, дәрігерлердің біліктіліктерін көтеруге жағдай жасады. Диагностика мен емдеуде жаңа технологиялар белсенді түрде енгізілуде.
Егер 2010 жылы республика бойынша жамбас және тізе буындарына 1255 операция жасалса, ағымдағы жылдың 9 айында мұндай 1762 операция атқарылды.
Институт базасында күн сайын 100-ге тарта операция жасалуда. Бір жылдың ішінде республиканың бүкіл өңірінен 5 мыңдай науқас ем алады.
Жоғары технологиялық қызметтер аясын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік деңгейде жоғары мамандандырылған медициналық көмектің жоғары технологияларын трансферттеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Мамандар әлеуеті жасақталып, материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.
Бүгінгі таңда бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында өңірлерде (Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысы және басқалары) 600-ден астам эндопротездеу операциясы жасалады. Институт мамандары өңірлерге шығып, жылына 50-ге дейін ірі буындарға эндопротездеу операциясын жасауда.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жол-көлік апаты кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Қоғамның қалалану үрдісі, өнеркәсіптің, құрылыс және көлік құралдарының дамуы нәтижесінде мұндай апаттар саны арта түсуде.
Шұғыл травматология мен хирургияда «алтын сағат» ережесі болады. Яғни, осындай уақыт ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету жарақаттан болатын өлім-жітімді азайтады. Егер жол-көлік апаты болғанда 30 минуттың ішінде алғашқы көмек көрсетілсе, зардап шеккендердің 17% қайтыс болса, алғашқы көмек 45 минуттан соң көрсетілген жағдайда зардап шеккендер екі есе көп көз жұмады.
Осыған байланысты ауданаралық травматологиялық бөлімшелер ашу аса өзекті болып отыр. «Алтын сағат» ережесін қамтамасыз ету үшін аталған ұйымдарға жақын орналасқан жолдардағы жол-көлік апаттарының жоғары деңгейі есепке алынады.
Аталған мақсатты іске асыру үшін республика бойынша орталық аудандық және қалалық ауруханалар базасында 39 ауданаралық травматологиялық бөлімшелер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Конференцияда сонымен қатар, ортопедия-травматологиялық көмекті ұйымдастыру, жарақаттанудың профилактикасы, сәулелі диагностика, балалар ортопедиясы мен травматологиясының өзекті проблемалары қозғалады.