Астанада туберкулезге шалдыққан балаға қатысты тексеру басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада туберкулезге шалдыққан балаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Қазір осы жағдайдың мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Басқарманың мәліметінше, комиссия құрамына Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сондай-ақ сәулелік және функционалдық диагностика маманы енгізілген.
Сонымен қатар тексеру жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының және ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің мамандары тартылады.
– Баланың туберкулезге шалдығуына байланысты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары енгізілді. Сонымен қатар комиссия жұмысына Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мен Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тартылады. Қазіргі уақытта тиісті жұмыс басталды, – деп мәлімдеді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының медицина қызметкерінен туберкулез анықталғаны хабарланған болатын.