Астанада балалар ауруханасының мейіргерінен туберкулез анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Медбике соңғы рет 24 сәуірде жұмысқа шыққан. Қазірол қалалық фтизиопульмонология орталығында емделіп жатыр.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйым қызметкерлерінің біріне қатысты таралып жатқан ақпарат бойынша мәлімет берді.
— 2026 жылдың сәуір айында денсаулық жағдайы нашарлауына байланысты медициналық көмекке жүгінген № 1 Қалалық балалар ауруханасында жұмыс істеген медициналық мейіргерде туберкулез ауруы анықталды. Қазіргі уақытта ол Қалалық фтизиопульмонология орталығында ем қабылдап жатыр, — делінген Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.
Еңбек міндеттерін атқару барысында ауру белгілері анықталмаған. Қызметкер соңғы жоспарлы флюорографиялық тексеруден 2026 жылдың ақпан айында өткен, нәтижесі бойынша патология анықталмаған және жұмысқа рұқсаты болған.
— Ауру анықталғаннан кейін медициналық ұйымда барлық қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шара жүргізіліп, соңғы үш айдағы байланыста болған тұлғалар шеңбері анықталды.
Соңғы флюорографиялық тексеруден өткеніне алты ай және одан көп уақыт өткен қызметкерлер қайта тексеруден өтті — барлығы 39 адам. Тексеру нәтижесі бойынша ауру жағдайлары анықталған жоқ, — делінген хабарламада.
Мейіргер флюорографиялық тексеруден өткен жекеменшік медициналық ұйымға қатысты уәкілетті органдар тарапынан тиісті тексеру жүргізіледі.
Мекемеде санитариялық талаптарға сәйкес профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр.
Айта кетелік Қазақстанда туберкулезді анықтау мен емдеу тегін жүргізіледі.