Астанада тұрғындарды тіркеу: бір адамға неше шаршы метрден есептелетіні бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қалалық мәслихаты тұрғылықты және уақытша тұру орны бойынша жаңа тіркеу нормасын бекітті. Енді әрбір 15 шаршы метр пайдалы тұрғын алаңына бір адамнан артық тіркелуге рұқсат етілмейді , деп хабарлайды Kazіnform.
Құжатты депутаттарға Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов таныстырды. Оның айтуынша, 2026 жылдың тамызынан бастап тіркеу нормативін белгілеу өкілеттігі мәслихатқа беріледі.
— Нормативтің басты мақсаты — тұрғындарды тіркеу тәртібін жүйелеу және қала инфрақұрылымына түсетін әлеуметтік жүктемені азайту. Енді бір адамға 15 шаршы метр тұрғын алаңы есептеледі. Бұл шектеу бірге тұратын ерлі-зайыптыларға, балаларға және жақын туыстарға қолданылмайды, — деді Ерлан Жүсіпов.
Мәслихатта атап өтілгендей, жаңа норма бір пәтерде ондаған, тіпті жүздеген адамның тіркелуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бұрын екінші нарықтағы пәтерлерді сатып алудағы маңызды кеңестерді жазған едік.