Астанада Түркі әлемінің балалар ойындары халықаралық фестивалі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 16-18 ақпан аралығында елордадағы №104 мектепте 9-13 жас аралығындағы оқушыларға арналған «Түркі әлемінің балалар ойындары халықаралық фестивалі» өтіп жатыр.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Түркия Республикасының Білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.
Фестивальдің басты мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту, дәстүрлі балалар ойындарын сақтау және оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Сонымен қатар балалар ойындарын жүйелеу, ортақ мұрағат қалыптастыру, ойындардың білім беру үдерісіндегі педагогикалық маңызын арттыру көзделген. Ұйымдастырушылар бұл бастама жас буынның әлеуметтік, эмоциялық және мәдени дамуына оң ықпал етеді деп атап отыр.
Фестиваль аясында еліміздің 20 өңірінен келген педагогтерге арналған халықаралық семинар-тренинг ұйымдастырылған. Қатысушылар түркі халықтарының дәстүрлі ойындарымен танысып, оларды оқу үдерісіне енгізу тетіктерін талқылауда. Бағдарламада асық ату, таяқ тарту, ләңгі тебу, орамал тастамақ, сақина салу, ханталапай, тымақ ұру, бес асық және өзге де ұлттық ойын түрлері қамтылған.
Семинар-тренинг қорытындысы бойынша Түркия делегациясы қазақ мәдениетіне тән төрт ойынды іріктеп алады. Бұл ойындар 2026 жылғы сәуір айында Стамбул қаласында өтетін түркі елдерінің фестивалінде таныстырылады.
Фестиваль түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын сақтауға және халықаралық педагогикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін балаларға арналған ұлттық ойындардың түрлерін жазған болатынбыз.