Астанада үстел теннисінен жүлде қоры 300 мың доллар болатын халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 15-20 қыркүйек аралығында үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

в
Фото: Астана әкімдігі

Беделді халықаралық жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылып, әлемнің үздік үстел теннисі шеберлерінің басын қосады.

Турнир ҚР Президентінің дәстүрлі кубогі аясында өтеді. Сонымен қатар жарыс халықаралық WTT (World Table Tennis) сериясы кезеңдерінің бірі саналады.

– WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup әлемнің үздік үстел теннисі шеберлерін елордада тоғыстырады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрайды, – делінген хабарламада.

Жарыстың ашылу салтанаты 15 қыркүйекке жоспарланған. 16-18 қыркүйекте негізгі жарыстар өтіп, 19-20 қыркүйекте финалдық кездесулер ұйымдастырылады.

Халықаралық турнирді Nomad Table Tennis Academy өткізеді.

12 жасқа дейінгі балалар жарысты ересек адамдармен бірге тегін тамашалай алады.

Айта кетейік, Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына өте алмады.