04:52, 23 Тамыз 2014 | GMT +5
Астанада вагонды паналаған көп балалы отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 баласымен бір жылға жуық вагонды паналап жатқан Алтынай Жанмурзинаның жағдайына Білім және ғылым министрлігі бейжай қарай алмай, «Мектепке жол» қайырымдылық акция бойынша көмек көрсетуді ұйғарды, деп хабарлады ведомство баспасөз қызметінен.

Бір отбасының жалғыз асыраушысы Алтынай Жанмурзина Еуразия университетінде еден жуушы болып жұмыс істейді. Ол тұрмыстық жағдайының нашарлығын айтып, балаларына жаңа оқу жылында мектеп формасы мен мектепке қажетті оқу құралдарын алуға шамасы келмейтінін жеткізді. Осы хабар БАҚ-та 2014 жылдың 19 тамызында шыққаннан кейін Білім және ғылым министрлігі оның қиын жағдайға бейжай қарай алмай, «Мектепке жол» қайырымдылық акция бойынша көмек көрсетті.
Білім жане ғылым министрлігінің өкілдері жоқшылық азабын тартқан бүлдіршіндерге мектепке қажетті оқу құралдары, сөмке мен ақшалай көмек жасады. Сондай-ақ, жалғызбасты ана мен оның 3 баласына жатаханадан бөлме алып беруге шешім қабылданды.