Астанада VI KAZENERGI Еуразиялық форумы басталды
АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VI KAZENERGI Еуразиялық форумы басталды.
Аталмыш шара биыл елімізде «Қазақстан: 20 жыл орнықты даму, инвестициялар мен тұрақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өтеді. Форумның бірінші күні VI KAZENERGI Еуразиялық форумы шеңберінде үш пленарлық отырыс өткізіледі. Оның ішінде атом саласын дамыту болашағы жөнінде Жапон Ұлттық комитетінің төрағасы Теруаки Масумото, Халықаралық атомдық энергетика агенттігінің атом энергетикасы технологияларын дамыту бөлімінің басшысы Томас Кошы мен өзге де бірқатар белді деген сарапшылар өздерінің пікір-ұсыныстарын ортаға салады. Сондай-ақ форум шеңберінде «Мұнай-газ саласына инвестиция салу» мәселесі талқыланады. Аталмыш секцияны «Euronews»телеарнасының жүргізушісі Ниал О Рэйли жүргізеді. Сондай-ақ форумда әлемнің әйгілі компанияларының топ-менеджерлері Қашаған кенішіндегі өндіріс, экстремалды суық жағдайларда мұнай операцияларын жүргізу, Қарашығанақ кенішінде сұйық көмірсутегін өндірудің жаңа мүмкіндіктері сияқты мәселелер төңірегінде пікір алмасады.
Сондай-ақ форум шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылады.