Астанада заңсыз тұрғызылған тұрғын үй кешені сүріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың Нұра ауданындағы Шыңғыс Айтматов көшесі, 49 мекенжайындағы өз бетінше басталған «Onyx-2» ТК-ның құрылысы тоқтатылды.

Тұрғын үй кешені сүріледі.
Елорда аумағында тұрғын үй кешендерін заңсыз салу фактілерін анықтау және жолын кесу Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жүргізіледі.
- Тапсырыс беруші нысанда жерге тиісті құқықсыз, заңда белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасыз, техникалық және авторлық қадағалауларды сүйемелдеусіз және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарламасыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастаған, бұл өз кезегінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң талаптарын бұзу болып саналады, - делінген Астана қаласы әкімдігі таратқан хабарламада.
Осылайша, құрылыс салушыларға қатысты Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы анықталған бұзушылықтарды жою және болдырмау бойынша шаралар қабылдауда.
Естеріңізге сала кетейік, нысандарды салу кезінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңы сақталуы тиіс.
Айта кетейік, Батыс Қазақстанда заңсыз құрылыс салудың 28 дерегі анықталған болатын.