Батыс Қазақстанда заңсыз құрылыс салудың 28 дерегі анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жоспардан тыс тексеріс қорытындысы бойынша заңсыз құрылыс салудың 28 дерегі анықталды.

строительств, құрылыс
Фото: Kazinform

БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Азамат Ағелеуовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталған деректер бойынша 67 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 15,5 млн жуық теңге айыппұл салынды. 

Азамат Мұратұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы 33 дерек бойынша 84 іс қозғалып, 26,1 млн астам теңге айыппұл салынған еді.

- Биыл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 319-бабына (заңсыз құрылыс) сәйкес 4 әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, Ж.Қабдоловқа қатысты Орал қаласы Б.Момышұлы көшесі 25-мекенжайында салынған көппәтерлі тұрғын үй құрылысы соттың шешімімен мәжбүрлеп бұзылмай, айыппұл салынды. Сол секілді А.Нұрғазинаға қатысты Деркөл кенті Ы.Алтынсарин көшесі 2/1-мекенжайында орналасқан дүкенге жапсарлас құрылыс сот шешімімен мәжбүрлеп бұзылды. «МАКСИМА LTD» ЖШС Орал-Желаев автожолы бойында газбен қамту жүйесін тұрғызған, бұған айыппұл салынды. И.Солтыханов К.Меңдәлиев көшесі 16-мекенжайында коммерциялық ғимарат салған. Сот оны мәжбүрлеп бұзу туралы шешім шығарды, бірақ апелляциялық шағым қаралатын болады, - деді А.Ағелеуов.

Оның айтуынша, биылғы екінші жартыжылдықта ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамаларына жаңа тұжырымдамалық өзгерістер, жедел ден қою шаралары енгізілді.

Жедел ден қою шаралары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарына жоспардан тыс тексеріс барысында немесе оның қорытындысы бойынша нысанда жүргізіліп жатырған құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату (субъектінің қаржылық қызметін тоқтата тұру - шоттарды бұғаттау), құрылыс материалдарын қолдануға тыйым салу, сонымен қоса құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатырған мерігер ұйымның лицензиясын тоқтата тұруға (айыруға) мүмкіндік береді.

- Басқарма мамандары елді мекендерде өз бетімен құрылыс салуға жол бермеу үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл іс-шаралар прокуратура және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылады. Мониторинг нәтижелері бойынша заңсыз салынған құрылыс нысандары бойынша бекітілген талаптарға сәйкес шаралар қабылданып, заңнаманы бұзуға жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді А.Ағелеуов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбыр жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалғанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар