Астанада жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Бұл туралы бүгін Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ экологиялық акция барысында ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
None
None

Оның атап өтуінше, қазіргі қолданыстағы полигон іс жүзінде толды десе де болады. «Астанадағы полигон толғаннан кейін, ол үлкейтіледі және жаңа полигон салынады. Ал салыну мерзімі құжаттамаларының дайын болуына тікелей байланысты. Полигонның орналасатын орны да әлі айқындалған жоқ», - деді министр БАҚ өкілдеріне.

Н.Қаппаровтың айтуынша, жаңа полигон салу және ескісін үлкейту елімізде қабылданған қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағдарламасы аясында қарастырылған.

«Өздеріңіз білетіндей, таяуда Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бағдарламасы қабылданған болатын. Сондықтан бүкіл Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі жолға қойылады. Ол ҚТҚ-ны басқарудың жаңа жүйесін салумен қатар, қоқыстарды шығару, оларды сұрыптау, осы ҚТҚ-ны қайта өңдеу бойынша зауыт салу шараларын қарастырады», - деді ол.

Бүгін елордада Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ экологиялық акция басталды. Бұл шараға 600-ден астам адам қатысуда. Жалпы ЕАЭО-ның экологиялық акциясы шамамен 130 мың адамның қатысумен Қазақстанның барлық аумағында өтуде.

Соңғы жаңалықтар