Астанада жылу қуаты артады: жаңа станция мен қазандықтар іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында елорданы жылумен жабдықтау саласында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқаны туралы жазды.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, елорданың жылу-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
— Қаланың өсу қарқынын ескере отырып, жылу қуатын арттырып, қолданыстағы нысандарды жаңғыртып, жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды қосуға қажетті резерв қалыптастырып келеміз. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына кешенді дайындық жүріп жатыр, — деді ол.
Әкім Астанадағы «Телман» газ жылу станциясының құрылысы 76%-ға аяқталғанын айтты.
— «Телман» газ жылу станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысан елорданың болашақтағы құрылыс аймақтарын сенімді әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге, жылумен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға және жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды қосуға қажетті жылу қуатының резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде нысанның құрылысқа дайындық деңгейі 76%-ды құрайды. Сол сияқты ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандығын кеңейту және №7, №8 су жылыту қазандықтарын орнату арқылы қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Жобаны іске асыру қаланың негізгі жылу көздерінің бірінің қуатын арттырып, жүйенің сенімділігін күшейтуге және жаңа тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді, — деді Жеңіс Қасымбек.
Қала басшысы атап өткендей, қаланың энергетикалық кәсіпорындары жылыту маусымына дайындық аясында жоспарлы жөндеу жұмысын қатар жүргізіп жатыр. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі үш қазандыққа, бір турбинаға, бір трансформаторға және екі су жылыту қазандығына күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды жөндеу жоспарланған.
Сондай-ақ, биыл 7,5 км жылу желісі күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге, 67,4 км әуе және кабель желісін, 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пунктіні, электр желісі инфрақұрылымының өзге де нысандарын жөндеу жоспарланып отыр.
Елорданы газдандыру жұмысы да жүйелі түрде жүріп жатыр. Қазіргі уақытта газбен жабдықтау жүйесіне 14,4 мың абонент қосылды. Газдандыру жұмысы Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Өнеркәсіптік, Оңтүстік-Шығыс, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, Family Village, Vela Village, Үркер, Телман, Кірпішті, Шұбар, Ақбидай, Қазақауыл елді мекендері мен шағын аудандарын, сондай-ақ Потанин көшесі маңындағы қаланың ескі бөлігін қамтыды.
ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-дегі 16 қазандық газға көшірілді, 23 әлеуметтік нысан газбен жабдықтау жүйесіне қосылды.
Биыл «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның инвестициялық қаражаты есебінен Қазқалашық елді мекенінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Өндіріс елді мекенін газдандыру жобасы толық дайын күйінде пайдалануға беріледі.
— Бұл жобалардың барлығы елорданың инженерлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға, қажетті қуат резервін қалыптастыруға және қарқынды дамып келе жатқан қаланы тұрақты жылумен, электрмен және газбен қамтамасыз етуге бағытталған, – деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.
Осыған дейін Энергетика министрлігі жылыту маусымының қорытындысын шығарғанын жазғанбыз.