Энергетика министрлігі жылыту маусымының қорытындысын шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында ірі технологиялық бұзушылықтар орын алған жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.

Сұңғат Есімханов
Фото: Үкімет

- 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы аяқталды. Жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында ол тұрақты өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар орын алған жоқ. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы электр станцияларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру алдыңғы кезең деңгейінен 348 млрд теңгеге дейін 6 пайызға ұлғайтылды. Жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 16 пайызға ұлғайтылып 129 млрд теңгеге дейін жеткізілді, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 10 энергоблокта, 63 қазандықта, 39 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілерінде 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станция жөнделді. 323 шақырым жылу желісі жаңғыртылып, ауыстырылды. Бұл электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуын - 53, электр желілерінің тозуын - 66,2 және жылу желілерінің тозуын 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

- Аталған шаралар жылыту маусымының тұрақты өтуіне және елдің энергетикалық кәсіпорындарының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге тікелей әсер етті. 2025 жылғы желтоқсанда электр генерациясының максимумына қол жеткізілді және ол 17 273 МВт құрады, бұл өткен кезеңдегі деңгейінен 7 пайызға артық. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамау жағдайларының саны 3 есе қысқарды. Электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар - 12, ал электр станциялары бойынша 15 пайызға азайды, - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті аясында тиісті тексеру шараларын жүргізді және осындай жағдайлар қайталанбас үшін ұсынымдар берілді.

- Жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу электр орталықтарының рейтингі жақсарды. Осылайша, 5 Жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан «сарыға» және 3 Жылу электр орталығы «сарыдан» «жасылға» көшті. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, - деді Сұңғат Есімханов.

Айта кетейік, отырыста өткен жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы маусымға дайындық барысы пысықталып жатыр.