Астанада жас спортшылар байдарка мен каноэде бақ сынады

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда күніне орай Астанада байдарка және каноэде есуден қалалық чемпионат өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанада жас спортшылар байдарка мен каноэде бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

«Толқын» спорт кешенінің маңындағы есу арнасында ұйымдастырылған жарысқа 2012-2015 жылы туған 50-ге жуық жас спортшы қатысып, Қазақстан чемпионатына жолдама үшін бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов қатысып, елордада ескек есу спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Астанада жас спортшылар байдарка мен каноэде бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

— Ескек есу спорты елордада 2000 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Бүгінде Астанада заманауи спорттық базалар жұмыс істейді. Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болашақ чемпиондарды даярлау жүйелі түрде жүргізілуде. Осы еңбектің нәтижесінде елордалық спортшылар Азия чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр. Бүгінгі жарыс елорда күніне орай ұйымдастырылған, — деді Рүстем Тәуекелов.

Чемпионат барысында спортшылар K1 және C1 санаттары бойынша 200 және 500 метр қашықтықта сынға түсті. Байдарка мен каноэ сырт көзге ұқсас болғанымен айырмашылығы бар. Байдаркада спортшы отырып, екі жүзді ескекпен жүзсе, каноэде бір тізесін тіреп, бір жүзді ескекпен жарысады.

Астанада жас спортшылар байдарка мен каноэде бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

Бұл жарыс Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі саналады. Үздік нәтиже көрсеткен 15 спортшы Жезқазғанда өтетін ел біріншілігінде Астана қаласының намысын қорғайды.

Астанада жас спортшылар байдарка мен каноэде бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

— Бүгінгі жарысқа 50-ге жуық жас спортшы қатысып жатыр. Бұл — Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі. Осы жарыста үздік шыққан 15 спортшы Астана қаласының намысын қорғап, Жезқазғанда өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Ал ел біріншілігінің қорытындысы бойынша Азия және әлем чемпионаттарына қатысатын ұлттық құрама жасақталады. Жарысқа қатысып отырған спортшылардың барлығы № 4 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Биылғы 4–7 маусым аралығында Түркістан қаласында өткен Азия чемпионатында мектебіміздің спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, 8 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 5 алтын және 3 күміс жүлде бар. Бұл көрсеткіш елордадағы ескек есу спортының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды. Бүгінгі жарысқа 2012–2015 жылдары туған ұлдар мен қыздар қатысуда, — деді Астана қаласы әкімдігінің № 4 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Мұхамед-Рахим Ибраев.

Астанада жас спортшылар байдарка мен каноэде бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

Бұдан бұрын елімізде спорт мамандарын даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілетінін жазғанбыз.