Астанада жасөспірім мен мектеп қызметкері төбелесті

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы мектептердің бірінің аумағында жасөспірім мен қызметкер арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласты.

Астанада жасөспірім мен мектеп қызметкері төбелесті
Фото: Видеодан скрин

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 17 жастағы жасөспірім автокөлікпен оқу орнының аумағына заңсыз кірген. Мектеп қызметкерінің ескертуіне ол агрессивті түрде жауап беріп, соның салдарынан жанжал туындаған.

Оқиғаға байланысты жүргізілген тексеру нәтижесінде барлық қатысушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен кәмелетке толмаған жасөспірім мен мектеп қызметкері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар, көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасын бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы төбелестен кейін оқушы ауыр жарақат алып, бір көзінен айырылғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар