Астанада жеңіл атлетикадан ел чемпионаты басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
ҚР Жеңіл атлетика федерациясы президентінің орынбасары Алпамыс Бақытұлы, федерацияның бас хатшысы Келбет Нұрғазина және СҚО жеңіл атлетика федерациясының басшысы Апенько Александр ашылу салтанатына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысып жатыр. Үш күн бойы ерлер мен әйелдер арасында 48 жеке бағдарлама бойынша, сондай-ақ, 4×100 және 4×400 метрлік аралас эстафеталарда жүлделер сарапқа салынады.
ҚР Жеңіл атлетика федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі анықталады.
Айта кетейік, жарыстар Қазақ ұлттық спорт университетінің стадионында өтіп жатыр. Ал лақтыру дисциплиналары бойынша жүлделер Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің секторларында сарапқа салынады.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан Қытайдың Ордос қаласында жастар арасындағы Азия чемпионатында бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.