Астанада жыл басынан бері 7 бала терезеден құлап, мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әли Арғынбаев мәлім етті.

Астанада жыл басынан бері 7 бала терезеден құлады
Фото: ТЖМ

Оның айтуынша, жыл басынан бері «112» құтқару қызметінің пультіне балалардың терезеден құлауы бойынша 26 хабарлама түскен.

— Елордада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 26 оқиға тіркеліп, салдарынан 7 бала қаза болды. Зардап шеккендердің басым бөлігі — 2 мен 7 жас аралығындағы балалар. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мұндай оқиғалар саны азайғанымен, мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ, — деді Әли Арғынбаев.

Спикердің мәліметінше, балалардың терезеден құлауының алдын алу мақсатында қалада тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.

— 2026 жылдың наурыз айынан бастап Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мүдделі қызметтермен бірлесіп 2,5 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйді аралап шыққан. Тұрғындарға шамамен 11 мың жадынама таратылып, 12 мыңнан астам адаммен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ ювеналды полиция және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылған «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында көпбалалы және кішкентай балалары бар отбасылардың пәтерлеріне 1 028 терезе құлпы-блокираторы тегін орнатылды, — деді спикер.

Бұдан бөлек, қаладағы 53 мектеп пен 35 балабақшада профилактикалық дәрістер өткізілген.

— Ақпараттық материалдар ата-аналар чаттары, МИБ және ПИК арқылы таратылып жатыр. Қоғамдық орындарда тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, тұрғын үйлердің кіреберістері мен лифтілерінде балалар қауіпсіздігі жөніндегі материалдарға бағыттайтын QR-коды бар жадынамалар орналастырылды, — деп атап өтті Әли Арғынбаев.

Сөз соңында ТЖД өкілі ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.

— Кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау, олардың терезе алдына шығуына жол бермеу, терезе маңындағы жиһаздарды алып тастау қажет. Сондай-ақ балаларға арналған құлыптарды орнатып, масаға қарсы торларға сенбеу керек. Балаларға қауіпсіздік шараларын үнемі түсіндірі отырған жөн, — деп түйіндеді сөзін ол.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура балалардың терезеден құлауына байланысты тұрғындарға ескерту жасады.