Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанадағы әлем чемпионатына жүзден астам елден 1000-нан астам балуан келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына жүзден астам елден 1000-нан астам балуан қатысады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлім етті.

балуан
Фото: ҚР ҰОК

— Күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты 2026 жылғы 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы Barys Arena спорт кешенінде өтеді. Биыл бұл жарысқа әлемнің жүзден астам елінен мыңға жуық спортшы әлем чемпионы атағы үшін бақ сынайды. Атап айтқанда грек-рим күресі бойынша 10 салмақ дәрежесінде, әйелдер күресі бойынша 10 салмақ дәрежесінде және еркін күрес бойынша 10 салмақ дәрежесінде балуандар белдеседі, — деді Серік Жарасбаев.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарысты қабылдауы елдің спорттық әлеуетін көтереді.

— Мұндай ірі спорттық шараны өткізу, ең алдымен, еліміздің спорттық әлеуетін, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру мүмкіндігін көрсетеді. Бұл шешім мамыр айында қабылданып, біз Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болдық, — деді ол.

Серік Жарасбаев
Фото: ОКҚ

Қазіргі уақытта чемпионатты өткізуге дайындық бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Министрлік, Қазақстан күрес федерациясы және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп жұмыс жоспарын әзірлеп, ұйымдастыру комитетін бекіткен.

— UWW-ның техникалық делегациясы Астанаға келіп, спорт нысандарының дайындығына және олардың мүмкіндігіне өз бағасын берді. Қазір барлық бағыт бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, басты назар спорт нысандарының халықаралық талаптарға сәйкестігіне, спортшылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасауға және жарыс өтетін алаңдардың толық дайындығын қамтамасыз етуге аударылып отыр.

Еске сала кетейік, Астана ересектер арасындағы күрес түрлерінен әлем чемпионатын жеті жылдан кейін қайта қабылдайды. Бұған дейін елордада әлемдік дода 2019 жылы өткен болатын.