Астанадағы балалар ауруханасы төсек санын 453-ке дейін ұлғайтты
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы №3 көпбейінді балалар ауруханасының директоры Марат Әбдуов маусымдық жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың көбеюі кезеңінде балаларға арналған стационардағы төсек қорының жүктемесі артқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, стационар 288 төсекке есептелген. Алайда пациенттердің көбеюіне байланысты төсек саны 453-ке дейін кеңейтілген. Оның ішінде 243 төсек – вирустық инфекция жұқтырған балаларға арналған.
Директордың дерегінше, тәулігіне стационардың қабылдау бөліміне 450-500-ге дейін бала жүгінеді. Солардың тек 20-25 пайызы ғана ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Қалғандарына үй жағдайында ем қабылдауы үшін дәрігердің тиісті ұсынымдары беріледі.
«Біздің инфекциялық стационар төсектер санын 550-ге дейін ұлғайтуға дайын. Сырқаттанушылық өскен жағдайда қолданылатын резервтеріміз бар, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілгенбіз», – деді Марат Әбдуов.
Сонымен қатар ол ата-аналарды стационардың қабылдау бөлімінде жиналмауға шақырды. Оның айтуынша, бұл өзге инфекциялармен айқаспалы жұқтыру қаупін күшейтеді.
Дәрігерлер ауру белгілері пайда болған жағдайда тұрғындарға өз учаскелік дәрігеріне, фильтр-кабинеттерге, емханалардың шұғыл көмек бөлімшелеріне жүгінуді немесе мобильді бригаданы шақыруды ұсынады.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі тұмау мен ЖРВИ көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға төмендегенін мәлімдеді.