Астанадағы саммитте жаһандық дамудың жаңа моделі ұсынылды — өзбек сарапшысы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстанның бастамасымен әзірленген «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» тұжырымдамасында әділ әлемдік тәртіп орнатудың алғышарттары толық қамтылған. Мұндай пікірді белгілі өзбекстандық сарапшы, «Ma’no» зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтиёр Эргашев білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

«Төрағалық Қазақстанға өткен уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ жаһандық өзгерістер кезінде дамудың жаңа тәртібі мен негізін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды көтеретін ұйымға айналуы тиіс екенін мәлімдеген еді. Содан бастап Қазақстанның жетекшілігімен „Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы“ деп аталатын өте маңызды құжат әзірленді. Онда бүгінде барша адамзатты алаңдатқан мәселелерге қатысты ШЫҰ-ның көзқарасы мен шешу жолдары баяндалған. Атап айтқанда, құжатта қауіпсіздік, әділ әрі жаңа әлемдік тәртіпті орнатудың алғышарттары, неоколониализм жүйесінен толық арылу проблемалары қамтылды. Оны ШЫҰ-ға мүше елдердің барлығы қолдайды», — деді сарапшы.
Сонымен қатар, Бахтиёр Эргашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген ШЫҰ аясындағы ірі экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыру ұсынысына ерекше тоқталды.
Оның пайымынша, ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік мәселесінен бөлек, экономикалық ынтымақтастықты нығайту ниеті қарқынды дамуға жол ашады.
ШЫҰ-ға әлемнің ең ірі экономикасы саналатын Ресей, Үндістан, Қытай сияқты үш мемлекет мүше.
Сонымен қатар, ұйымның құрамында Пәкістан мен Иран сынды өте ықпалды аймақтық державалар бар.
Сондықтан сарапшының ойы осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, ШЫҰ-ның беделі мен салмағын арттыра түсу маңызды дегенге саяды.

«Астанадағы саммит барысында әлемдік қауымдастыққа жаһандық дамудың жаңа моделі ұсынылды. Сонымен қатар, ШЫҰ-ның қызметі Еуразия кеңістігіндегі экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған. Ол қандай бір блоктық ұйымға қарсы қолданылмайды, керісінше әділ әлемдік тәртіп орнату үшін жұмыс істеп келе жатқан бірлестік», — деп пікір білдірді Бахтиёр Эргашев.
Саясаттанушы атап өткендей, қазіргі уақытта батыс елдерінің жаһандық тәртіп орнатудағы ықпалды дәуірі аяқталып келеді. Сондықтан әлемді әділдікке үндейтін, даму жолында заман талабына сай ренк беретін принциптер қажет.
Бұл орайда ШЫҰ осы миссияларды абыроймен атқарып келеді. Бахтиёр Эргашев оның ішінде Қазақстанның төрағалығы ұйымның кейбір бағыттар бойынша тұралап жұмысын жандандыра түскенін атап өтті.
«ШЫҰ әлемдік аренаға батыл бастамалармен шығуы тиіс. Оған ұйымның қауқары жетеді, өйткені бүгінге дейін түрлі даму сатысынан өтіп, жетілді. Алдағы уақытта ШЫҰ жаһандық жаңа тәртіпті орнататын бірлестікке айналарына сенім мол», — деп түйіндеді Бахтиёр Эргашев.
Еске салсақ, бүгін Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшыларының кеңесі өтіп, оның барысында 25 маңызды құжатқа қол қойылды.