Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбетіне «Таңсәрі» муралы салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Тұран даңғылы, 58 мекенжайында орналасқан «Кең дала» тұрғын үй кешенінің ғимаратындағы ауқымды «Таңсәрі» муралының жұмысы аяқталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбетіне «Таңсәрі» муралы салынды
Фото: Астана әкімдігі

Елордадағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне ерекше мурал салынды. Мурал Астана қаласы әкімдігінің және Урбанистика орталығының бастамасымен іске асырылды.

— Қазақ мәдениетінде «таңсәрі» жаңа кезеңнің басталуын, үміт пен жаңаруды білдіреді. Көркем туынды қала сәулеті мен табиғаттың үйлесімін бейнелеп, кеңістікке жаңа көркемдік сипат беріп тұр. Композицияның өзегіне заманауи қаланың қатаң сәулеттік келбетін ажарландыратын ашық түсті дала гүлдері алынған. Гүлдер ғимараттың қасбетімен бой түзеп, қалалық ортаға табиғи реңк мен жылулық сыйлайды, — делінген хабарламада.

Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбетіне «Таңсәрі» муралы салынды
Фото: Астана әкімдігі

Муралды салу жұмысына Астана және Қарағанды қалалары Урбанистика орталықтарының командалары AirG суретшілерімен бірлесіп атсалысты.

Бұған дейін Алматыда есірткіге қарсы жаңа мурал пайда болғанын жазған едік.