Астанадағы турнирде Қазақстан хоккей құрамасы бүгін Беларусьпен кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін, 3 мамырда Астанада өтіп жатқан халықаралық Qazaqstan Hockey Open турнирінде Беларусьпен кездеседі.

хоккей
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Кездесу елорда уақытымен 17:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Алғашқы ойындарында Қазақстан Ресей 25 құрамасына 1:4 есебімен жеңілсе, Беларусь олардан 4:2 есебімен басым түсті.

Қатысушылар топтық жүйе бойынша сайысқа түседі. Көп ұпай жинаған құрама турнирдің жеңімпазы атанады.

Қазір турнир кестесінде Беларусь бірінші орында тұрса, одан кейін Ресей 25 және Қазақстан құрамалары орналасқан. 

Бұл кездесу Қазақстан құрамасының 2025 жылғы әлем чемпионаты алдындағы дайындығы аясында өткізіліп жатыр.

Отандастарымыз В тобында ойнайды. Қарсыластары - Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Венгрия. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.

Ал Швецияның Стокгольм қаласында А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Австрия, Франция және Словения шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар