Астанадағы үш бала қаза тапқан өрт: әзірге күдікті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанадағы «Көктем-3» тұрғын үй кешенінде балалар қаза тапқан өртке қатысты пікір білдірді. 

Санжар Әділов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Министрлік өкілі аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

— Төтенше жағдайлар министрлігі 292-бап — өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша тергеуді жүргізіп жатыр. Ішкі істер министрлігі де кәмелетке толмаған балалардың қаза болуына байланысты өз тарапынан тергеуді бастады. Қазіргі уақытта ТЖМ-мен бірлесіп бірқатар сараптама тағайындалды. Енді нәтижесін күту керек. Кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі міндетті түрде көтеріледі, — деді ол. 

Санжар Әділов қаза тапқан балалардың әкесінің оқиғаға қатысы бар ма деген сұраққа жауап берді және оның күдіктілер қатарында еместігін айтты.

— Бұл істе ешкім күдікті деп танылған жоқ және тергеу жүріп жатыр, — деді Санжар Әділов.

Еске сала кетейік, сәуір айында Астанада 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шығып, үш бала қаза тапты. ТЖМ қызметкерлері жоғары қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, шамамен 40 тұрғын өз еркімен ғимараттан шықты.