Астанадағы жәрмеңкеде Жамбыл креаторлары 8,6 млн теңге табыс тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Жамбыл облысының креаторлары жәрмеңкенің алғашқы күнінде 8,6 млн теңгенің өнімін сатты. «Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесіне 3500-ге жуық адам келіп, өңірдің қолөнер, өнер және заманауи креативті жобаларымен танысты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» креативті жәрмеңкесі ашылды. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған республикалық Creative Aimaq жобасы аясында өтіп жатыр.
Жәрмеңкеде дәстүрлі қолөнер бұйымдары, өңірдің авторлық брендтері, заманауи технологиялар және креативті индустрия саласындағы жобалар таныстырылды.
Жергілікті қолөнершілердің туындылары да көпшілікке ұсынылды. Қолөнер залында киізден, ағаш пен былғарыдан жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы зергерлік әшекейлер және кәдесыйлар қойылған. Сондай-ақ көпшілік ұлттық киімдерді сатып ала алады.
Жәрмеңкеде өңірдің әдеби мұрасы, бейнелеу және фотоөнері таныстырылды. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Алтын қор» цифрлық кітабын, төрт форматта әзірленген инклюзивті ертегі кітаптарын және 3D технологиялар негізінде жасалған тактильді макеттерді жәрмеңкеге қойды. Бұдан бөлек, жергілікті баспалардың кітаптары, суретшілердің картиналары, мүсіндер мен фототуындылар болды.
Ұлттық мәдениет пен білімді заманауи цифрлық технологиялармен сабақтастырған IT-жобалар да айрықша орын алды. Олардың қатарында жасанды интеллект қолданылатын зияткерлік және әлеуметтік кеңістіктер, жастарға мамандық таңдауға көмектесетін цифрлық жүйелер, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны интерактивті цифрлық форматта танытатын жобалар бар.
Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қонақтары жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақ ертегілері мен анимациялық фильмдерді тамашалай алады.
Жәрмеңкенің алғашқы күніне 3500 адам келді. Креаторлар 8,6 млн теңгенің өнімін сатты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Алматы облысының креативті жәрмеңкесі өтіп, оған мыңдаған адам қатысты.