Астанадағы Б. Момышұлы ескерткішінің жанында шеру өтті

Ел қорғаған батырларымызға орнатылған ескерткіштер жанында басқосулар өткізу дәстүрге айналды.
Сондай ел бірлігін нығайтуға арналған және жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған мәдени шара Астанадағы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің жанында болды.
Аталмыш шеруге жиналған қауым екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
«Бүгін біз Қазақстанның Қарулы Күштерінің 20 жылдығын атап өтудеміз. Елбасының Жарлығымен 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні деп жарияланды. Отанды қорғау - үлкен міндет, мақсат, абырой. Қазіргі уақытта білімді, Отанының тарихын білетін, әрқашан елін қорғауға даяр мықты жастарымыз өсіп келе жатыр, Бауыржан Момышұлындай батырларымыздың өмірлері сіздерге үлкен өмірлік сабақ болсын!», - дейді Астана қаласы Білім беру басқармасының бастығы Әсима Бимендина.
Бұл шараны ұйымдастыруға қаладағы Б. Момышұлы атындағы Оқушылар сарайының ұжымы мен мектеп тәлімгерлері атсалысты. Оқушылар Бауыржан Момышұлына арналған қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып беріп, әскери-патриоттық концерттік бағдарламаларын ұсынды.