Астанадағы басқосу ядролық қарусыздану әлеміндегі Н. Назарбаевтың көшбасшылығын сөзсіз қуаттай түседі - БҰҰ Бас хатшысы
ТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанадағы басқосу ядролық қарусыздану әлеміндегі Н. Назарбаевтың көшбасшылығын сөзсіз қуаттай түседі.
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Ядролық қарусыз әлем үшін» форумына байланысты жиынға қатысушыларға жасаған бейнежолдауында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун осылай мәлімдеді.
Өз жолдауында Бас хатшы ең алдымен Қазақстан Президентіне алғысын айта келе, бұндай басқосу Н. Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем саласындағы көшбасшылығын тағы да қуаттай түсетінін атап өтті. «Мен өзімнің былтырғы жылғы Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Он шақты жылдар бойы осы нүкте қырғи-қабақ соғысының кіндігіне айналған еді. Сіздің батыл шешіміңіздің арқасында 20 жыл бұрын Семей бейбітшілікке деген үміттің үлкен нышанына айналды. Бұл барлық ядролық сынақтарды мүлдем тоқтатудың үмітін оятып, ядролық қарудан ада бейбітшілікке ұмтылуға да жарқын жол ашты», - деді Пан Ги Мун.
Сонымен қатар, Бас хатшы осыдан үш жыл бұрын ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау туралы 5 баптан тұратын бағдарламаны жариялағанын айтып, бүгінгі күні барлық елдерде осы төңіректе жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. «Біз осы рухта қозғалысты жалғастыруымыз керек. Бәріміз де бұндай жойқын қарудың үрейді алатын салдары туралы білеміз. Ал қатерден айығудың бір жолы - қарудан бас тарту. Осы реттегі прогресс халықаралық ынтымақтастыққа да тікелей байланысты. Сондықтан да, Астанадағы басқосудың маңызы зор», - деген Бас хатшы бұндай қадамды өзінің толық қолдайтынын мәлімдеді.