Астанадағы өрт: жалынның таралуы тоқтатылды - ТЖК ресми өкілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Бизнес орталығында орналасқан дәмханадан шыққан өрттің таралуы тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанадағы өрт: жалынның таралуы тоқтатылды - ТЖК ресми өкілі

«Оқиға орнына ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің 90-нан астам адамы және мамандандырылған 27 техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндіру жалғасуда. Жалынмен күресті тиімді жүргізу үшін ғимараттың шатырын бұзу жұмыстары жүргізілуде», - деп атап өтті Иманқұлов.

Мәлім етілгендей, тілсіз жаумен күрес үшін 3 жауынгерлік учаске жасақталды, оқиға орнында өртпен күресті басқару жөніндегі жедел штаб жұмыс істеуде.

«Өрт сөндірушілердің күшімен сағат 01:43-те жалынның таралуы тоқтатылды. От шарпыған аумақ шамамен 400 шаршы метрді құрады», - деп хабарлады ресми өкіл. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 17 қыркүйек күні сағат 22:49-да Астана қаласы Бейбітшілік көшесіндегі төрт қабатты «Өркен» іскерлік орталығының астыңғы қабатында орналасқан «Драфт» дәмханасынан өрт шықты . Ас дайындау бөлмесінен шыққан от кейін ғимараттың шатырына ауысқан. 40 адам қауіпсіз жерге көшірілді.